Ринат ЗАЙЫТОВТЫҢ телеарналардан қиылып қалған жыр жолдары Боздаса кеудемдегі бота мұңым, Құл болған қажытады соқа күнім. Кедейлерді қудалап, бай шалқытсаң, Ешқашан әпермейді опа мұның. Айына 360 мың долларлап Айлық алған бетсізі жоғарының. Біреуі Африкада аң аулап жүр, Орманын отап болып Отанының. Бақшасына Бразилияның талын егеді, Ақшасына ауылдың шопанының. Біреуі бір ауылдың жыл бюджетін Шашады шубысына тоқалының. Апыр-ай, бұлар қашан тоқтатады, Елімнің қазынасын қопаруын. Осындай опасыздарды ойнақтатып, Сен қайда қарап тұрсың, о, Тәңірім! Жасаған болашаққа жорықты еппен, Ойымды өтем бүгін бөліп көппен. Қазақтың тарихында ақындар көп, Еліне маңдай терін сеніп төккен. Кешегі Бұқар жырау дара дана, Әр сөзін Абылайға ерікті еткен. Бар жайды білгеннен соң хан Абылай, Ырысын қазағымның толық та еткен. Әу бастан ханға айтылған шындық қана, Басшының әрбір ісін көрікті еткен. Бүгінгі зиялының түрін көрсең, Шетінен өзін ойлап шөгіп кеткен. Басшылық сұрай қалса бүлк етпестен, «Жағдайы» дейді, «жұрттың оңып кеткен». Ақылы жеткенімен, батылы жоқ, Салқыны саясаттың соғып кеткен. Иманы жұртта қалған ағалардың, Милары металлолом болып кеткен. Қазақтың аз болды ма зор ұлдары, Ұққанға шын ұлағат соның бәрі. Төле би, Қазыбек пен Әйтекелер, Парызын парасатпен орындады. Кесіп айтқан имандылық арқасында, Тарихтың тұр ғой, әне, төрінде әлі. Ал бүгінгі би деген депутат қой, Мағынасын ұғынсақ оның-дағы. Бұрынғылар халыққа жол көрсететін, Бүгінгілер таппай жүр өз жолын да әлі. Бүгінгілер би де емес, биші де емес, Бишік боп тұр биліктің қолындағы. Қырандай шырқап ілсем шалқып кеп бір, Сөйлейін Бұқарлардан сарқыт боп бір. Қазақстанды бір үлкен семья десек, Жанұямыз шалшық боп тұр, балшық боп тұр. Күйеубаламыз шетелге қашқанменен, Кигені жібек пенен барқыт боп тұр. Ағамызда ақыл жоқ, дегенменен, Жайы жақсы, қарны шарқыт боп тұр. Елеңдеп әкемізге қарағанмен, Ол жаққа да жетпейтіні тәртіп боп тұр. Үш жүздің тағдырынан бұл күндері, Үш қыздың болашағы артық боп тұр. Тіл жайлы тебіреніп толғағанда, Ақиқат айтар болсам, қолдар Алла! «Тіл жылы» деп бір кезде ат қойып ек, Медеу бола алмады-ау ол да жанға. Бір жылда тілім қалай оңып кетсін, Осы күнге жеткенше оңбағанда? Он бес жыл өзге тілде сөйлегендер, Өз тілін бұл бір жылда қолға алар ма? Жыл емес, бір-ақ күнде сөйлер еді, Заңымыз мұнша сайқал болмағанда. Апыр-ай, біздің кемел үкіметке, Осыдан басқа ақыл қонбаған ба? Бір тілді бір жыл бойы үйренетін, Тілсіздер соншама сорлы адам ба? 42 әріпті жаттау үшін, 360 күн керек пе сонда оларға? Шер-ағаң тілсіз халық «балық» деді, Оның сөзі ақиқат, анық тегі. Көзіммен көрген істі баяндайын, Бұл жерде дұрыс ұқсын халық мені. Өткен жолы Әбілов Болат көкем, Өзін-өзі біртүрлі дәріптеді. Қазақша «құттықтаймын» деп айтам деп, «Куттактаймын» деп шатасты әріптері. Әріптері шатасқыш ағаларға, Қайтадан оқытыңдар әліппені. Бұрайын енді жырды бір арнаға, Мен емес жегілетін құл арбаға. Жылдан-жылға барады біздің қазақ, Жағымсыну дегенге құмарлана. Шибөрілер мекені болып кетті, Бөрілер жортып өткен Тұран дала. Аңқау қазақ аңқиып әлі де отыр, Желініп анауға да, мынауға да. Шындықтың бетін ашып, саясатты Бұл күнде жасқанамыз сынауға да. Министр мен әкімдер ардан безді, Сенатор, депутатпен сыңарлана. Бәрінің ойлағаны – байлық, мансап, «Елім» деген әншейін бір ұран ғана. Жетістікті Елбасының ерлігі деп, Кемшілікті жабамыз бір Аллаға. Біздің ел ұқсайды бір шығармаға, Сөздері басталатын «Н»-дан ғана. Жұртыма бола қоймас жат ақылым, Ашынғаным ащы тисе аса тілім. Қазақтай ұлт жоқ, білем, бар әлемде, Тұшынбай тағдыр уын тататұғын. Алла берген жерді қорғап бабалары, Балалары ойланбай сататұғын. Саңырау басшылықтың кесірінен, Көктемде су астына бататұғын. Бізде ғана солдат бар жалғыз өзі, Он төрт солдатты өлтіріп қашатұғын. Бізде ғана бар мықты ұры әкімдер, Ұстатпай шекарадан асатұғын. Бізде ғана тасбауыр үкімет бар, Ел байлығын оңды-солды шашатұғын. Әділдік сұрап шыққан мұнайшыны, Аямай автоматпен ататұғын. Өйткені қазақ деген қой секілді, Қасқыр көрсе орнында қататұғын. Бауыздауға бусаң да төрт аяғын, «Жүнімді қырқа ма?» деп жататұғын. Қазақтың таймау үшін тұрған бағы, Жөн болар кемшіліктің жырланғаны. Біздің ұлт осы қашан қояды екен, Жем болып тартылуын қырмандағы. Неге осы Қазақстанда қазақ кедей, Осы ғой жүрегіме мұң болғаны. Қытайдың қарсы тұрған мазағына, Мұнайшының арызы тыңдалмады. Мөшек құлқын Машкевич дегендерің, Қазақтың қазынасын ұрлауда әлі. Ол аз болса, Астанада той жасаса, Шетелдің әні болды тыңдалғаны. Орыс пен еврейдің кесірінен, Тіліміз – тіл, дініміз – дін болмады. Басқа ұлттардың бәрінде баспана бар, Қазақ қана «квартирант» боп тырбаңдады. Мың өліп, мың тірілген ұлтымызды, Бұл заман мың сорлатып, мың қорлады. Біз осындай болсын деп тілеп пе еді, Кешегі Желтоқсанның құрбандары. Басыма маза бермей жүрген сұрақ, Осы ма Отанымның нұрланғаны? Шапқанда шабытымның ақтабаны, Шындыққа мен бермеймін жоқ бағаны. Жиырма жыл бойы біздер үндемедік, Айырар кез келді ғой ақ-қараны. «Қазақстан гүлденіп келеді» деп, Біздің ел кейде өтірік мақтанады. Бізде бастық-сымақтар елді ойламай, Басын тығып бюджетті ақтарады. Сараңның садақасын елге беріп, Көп қаржыны қалтасына сап қалады. «Нурсултан», «Нур Отан» мен «Казакстан» Осы ғана олардың жаттағаны. Ұрлағанын әйелінің атына жазып, Судан таза, сүттен де ақ болады. Ұрлығыңды жасырдым дегенменен, Білемін, көрініп тұр Хаққа бәрі. Бәйтеректің басына ұя салып, Қарғалар мен құзғындар топталады. «Қолыма қашан қарға саңғиды?» деп, Елеңдеп ел-жұртымыз көп қарады. Бүгінгінің арты бітеу қарғалары, Боғын да елге қимайтын боп барады. Қазақстан – өгей әке, жат шешеге, Телмірген үй секілді көпбалалы. Елімді жақсы жырға бөле, тілім, Ақынмын арманына сенетұғын. Артықтау сөйлеп қалсақ түсініңдер, Шабыт қой келген ойды төгетұғын. Бар тілегім – еліме әрқашанда, Қуанышың көп болсын көретұғын! Ал кемшілік дегенің – ол бір ауру, Ішіңді жеп, қабырғаңды сөгетұғын. Сондықтан біз айтамыз бетке басып, Жан табылсын деп соны жеңетұғын. Ағайын, өздерің де білесіңдер, Ауруын жасырғандар өлетінін. Алладан басқа ақынның қорғаны кім? Сөйлемес сахнада жалған ұлың. Қазақтың ынтымағы, мәртебесі – Ең үлкені балаңның арманының. Құрбаны болып кетіп бұзылмайық, Дұшпанның алдауы мен арбауының. Қазағым, сен мықты бол бірлігіңе, Іші күйіп жарылсын қалғанының. Тойында еліміздің көңілді аспан, Сенім менен үміттің жолын қосқан. Мерекең тарқамасын, дархан қазақ, Қонағына қолында барын шашқан. Ұлыстың ұлы күні Жаңа жылда, Тағы бір шумақ қосты өмір-дастан. Егемендік арқасы мұның бәрі, Бір Алла болашаққа жолыңды ашқан. Исатай, Махамбеттер өткен кеше, Еркіндіктің ақ жолы табылмастан. Арманда кеткен Алаш арыстары, Бостандықтың сағаты соғылмастан. Кім білсін, егемендік алмағанда, Арылмай өтер ме еді сорың бастан? Тәуелсіздік – қазақтың төлқұжаты, Тәңірім мәңгілікке мөрін басқан!

Теги других блогов: продвижение SEO Google